Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Елбасының биылғы Жолдауында үлкен басымдыққа ие болған мәселелердің бірі мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, жемқорлықты жою болатын. Осы міндеттердің орындалуын қадағалау үшін еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов Алматы облысында болды.
Аймақта 7 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар. Солардың кейбірімен кездескен агенттік төрағасы саланы реформалаудың негізгі бағыттарына тоқталып, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын таныстырды. Жаңа тұжырымдама мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадр саясатын тиімді үйлестіруді және адами капиталды басқаруды жетілдіреді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар қызметінің жұмысын да біріздендіреді. Облыс активіндегі жиыннан соң, агенттік төрағасы Жетісу мемлекеттік университетінде болып, студенттермен кездесті.
Әлихан Бәйменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Алдағы уақыттағы 10 басымдықтың бірі ретінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру анықталды. Осыған орай қазір агенттік тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіп, біздің мемлекеттік қызмет саласында және мемлекеттік қызмет көтеру сапасында жаңа деңгейге көтеретін қадамдар әзірлеуде. Біз келешекте мемлекеттік қызмет этикасы туралы заң қабылдауды ұсынамыз. Егер ол заң қабылданатын болса, тәртіптік кеңестің жұмысында әдептілік-этикалық қадағалау жаңа деңгейге көтерілмек.