01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Елбасының биылғы Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше мән берілді. Денсаулық сақтау ісіне де айрықша назар аударылды. Бұл бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатыр, Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асырудың жолы қандай? Қос министр Салидат Қайырбекова мен Гүлшара Әбдіхалықова Батыс Қазақстан облысында болып қайтты.
 
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасына былтыр Батыс Қазақстан облысына 14 млрд. теңге бөлінді. Қаралған қаржы жан басына шаққанда 12 пайызға өсіп, 35 мыңға жетті. Бұл кепілді медициналық көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Негізгі салмақ күндізгі стационарға ойысты. Сырқат жандар емдеу мекемесін қызмет сапасына қарай таңдауға көшті. Нәтижесінде емханаларда ұзын шұбақ кезек сейілді. Мұны ҚР Денсаулық сақтау министрі де атап өтті. Салидат Қайырбекова былтыр енгізілген жаңа жүйенің дәрігерлердің жалақысына әсер еткеніне тоқталды, науқас жандармен тілдесті.
 
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Елбасы Жолдауында осыған екпін түсірілгені белгілі. Облыс дәрігерлерінің алқа мәжілісінде сала басшысы атап өткендей, скрининг жұмыстары бүгінде ауруды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік берді.
 
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Мәселен, сүт безінің ісігін бастапқы кезеңде емдеу 700 мың теңге тұрса, 3-ші, 4-ші кезеңде оны емдеуге 27 млн. теңге жұмсалады. Бұл - экономикалық жағы. Сырқаттың өмір сапасы - ол бөлек әңгіме. Біз ауырғанның адамның өзіне тиімсіз екенін елге терең түсіндіруге, саламатты өмір салтын насихаттауға тиіспіз.
 
Министр атап өткендей, денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі БҚО-да табысты жүзеге асып келеді. Сәби өлімі 12 пайызға төмендеді, қатерлі ісік аурулары азайды. Дегенмен, қызмет сапасына әлі де көңіл бөлінуі керек. Ендігі жерде емдеу мекемесі қателігі үшін қаржылай жазаланбақ.
 
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ауру біздің жүйемен 3 жағдайда кездеседі, емханада, дәріханада, және ауруханаға жатарда. Осыған қарап тек мемлекеттік қызмет емес, билік туралы пікірі қалыптасады. Егер емханада шұбырған кезек болса, онда жасап жатқан реформамыздан не пайда?! Әрбір шағымның артында біреудің қайғысы, өмірі тұр. Сондықтан, сараптау кезінде дәрігердің кінәсі анықталса, сол мекеменің есепшотынан қаржы қайтарып алынады. Ал мамандарға көтерме үстемақы төленбейді.
 
Елдің денсаулығы өмір сүру деңгейімен байланысты. Бұл өз кезегінде елдің күнкөрісіне тікелей қатысты екені даусыз. Бүгін Батыс Қазақстан облысына келген тағы бір министр Гүлшара Әбдіхалықова Зеленов ауданында болды. Былтыр ауданға 100 млн. теңге бөлініп, пилоттық жоба жүзеге асырылған еді. Өз ісімді ашам дегендер шағын несие алған еді. Соның бірі - Белес ауылының тұрғыны Құдайберген Жаделов. Ол 900 мың теңгеге 4 жылқы сатып алған. Жазда бие байлап, қымыз саууды көздеп отыр.
 
Құдайберген Жаделов, Белес ауылының тұрғыны:
Елбасының 2020 жұмыспен қамту бағдарламасы өте жақсы. Шаруашылықты дамытуды қолға алам деген кісілерге өте тиімді.
 
Аудан орталығы Переметное ауылындағы «Стиль» шаштаразы мен «Гүлшат» кондитерлік цехы да - жұмыспен қамту бағдарламасының жемісі. Министр ханым биыл облысқа ауыл тұрғындарын несиелеуге қаралған қаржы 7 есеге өскенін жеткізді.
 
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Бағдарламаға жақсы сұраныс болды. Биыл әрі қарай көбейтіп, 1 млрд. 300 млн. қаржы бөліп отырмыз. Былтырғыдан 7 есе көбейтіп отырмыз. Жалпы биыл 10 мыңнан астам адам бағдарламамен қамтамасыз етілмек. Оның ішінде оқу, несие бар.
 
Еңбек министрі атап өткендей, алғашқы жарты жылдықтың қорытындысына қарай, жұмыспен қамту бағдарламасына қосымша қаржы бөлінбек.
 
Ерденбек ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ
                                                       
 
 
 
 
 
 
 
 
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.