Кеше Алматыда Қазақ радиосының 90 жылдығына арналған салтанатты шара барысында радио ардагерлері мен бір топ қызметкер марапатқа ие болды.
Атап айтқанда, Қазақ радиосының ардагерлері - Қазақстанның Халық әртісі Ермек Серкебаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова, Қазақ радиосының ардагері, белгілі журналист Руслана Құдайбергенова, Қазақстанның Халық әртісі Лаки Кесоглу, Қазақстанның Халық әртісі Гүлвира Рәзиева, Қазақ радиосының ардагері Қуаныш Орманов пен Қазақ радиосының қызметкері, ақын Маралтай Райымбекұлына ҚР Байланыс және Ақпарат Министрлігінің құрмет грамотасы берілді.
Сондай-ақ радионың бір топ қызметкері мен ардагерлеріне Әнуарбек Байжанбаев атындағы төсбелгі мен «Қазақ радиосының ардагері» медалі тапсырылды. Мұнымен қатар радионы әр жылдары басқарған азаматтар «Қазақ радиосының үздігі» медальдарымен марапатталды.
Қазақ радиосының марапатқа ие болған ардагерлері мен қызметкерлерін шын жүректен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз. Қазақ үнін жаһанға жеткізе бергейсіздер!
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.



Көшіру | pdf
