Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Ұлт денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізбек. Бүгін бұл жайында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында сала министрі Салидат Қайырбекова мәлімдеді. «Қазақстандықтардың өз денсаулығына деген селқос көзқарасын өзгерту бізге қиынға соғып отыр. Сондықтан құжатқа енгізілетін өзгерістер әр азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға міндеттейтін болады», – деді еліміздің бас дәрігері. Бүгінде халықтың 80 пайызы спортпен шұғылданбайды, 4 миллионға жуық қазақстандық темекі шегеді, халықтың 35 пайызы артық салмақтан зардап шегіп отыр.
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Әр министрді, әкімді, жұмыс берушіні, кез-келген азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға итермелейтін арнайы заңнама қажет. Онсыз біз салауатты қоғам құра алмаймыз. Шынымен де, дендеген дерт шығынға батырады. Мысалы, асқынып кеткен туберкулезді емдеу үшін 1 миллион теңге қажет. Сүт безі ісігін 1-2-ші сатыда емдейтін болса, ол үкіметке 110-120 мың теңгеге шығады, сол ауру асқынып кетсе, емдеуге 27 миллион теңге кетеді.
Гүлжан МАРҚАБАЙ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.



Көшіру | pdf
