Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәжілісмендер алдында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы жайында баяндама жасады. Депутаттар министрді мұқият тыңдады. Баяндама бітісімен, сауалдар жаңбырша жауды. Әсіресе, билік партиясы ерекше белсенді. Бас дәрігер жақсы менеджер бола білуі керек. Рамазан Сарпеков «бас дәрігерлерге талапты күшейтпей, жағдай реттелмейді» дейді.
Рамазан Сарпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
Әсіресе, аймақтарда, облыстық бас дәрігерді тағайындау мәселесінің төңірегінде мен ойлаймын енді өзгешелік енгізетін уақыт жеткен шығар. Біреудің жүзіне қарап, біреудің түріне қарап емес, мамандығына, соның сәйкесітігіне қарау керек шығар. Сіздің ойыңызды білейін деп едім.
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Аймақтық бас дәрігерлерді жергілікті билік жергілікті денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып тағайындайды. Әрине, облыстық мәслихаттар арқылы тағайындайық десеңіз біз қуанбасақ, қарсы болмаймыз.
«100 аурухананың» 59-ы ғана бой түзеді. 13-і енді салынып жатыр, 31-інің қаңқасы да жоқ. Бағдарламаны босаңсытып жіберген министрлікті Елбасы да сын тезіне алған. Бүгін Салидат Қайырбекова құрылыс қымбатқа түсіп жатыр, мемлекеттік және жеке әріптестік механизм арқылы бағдарламаны жалғастыру қарастырылып жатқанын жеткізді. Ал жеткіншектерге зорлық жасайтындарды ресейлік әріптестері әтек ететін заң қабылдаса, қазақ Парламенті жазаламас бұрын әуелі олар үшін ем қолдануды ұсынды бүгін.
Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
Бізде СПИД жұқтырғандар үшін құпия кабинет жұмыс істейді, маскүнемдер мен нашақорларды емдейтін наркологиялық ауруханалар бар. Бірақ біз, өкінішке орай, педофильді емдемейміз.
Министрдің мәліметінше, осы жылдар ішінде елімізде бір ғана педофиль күшпен емдеу орталығында ем қабылдап жатыр екен. Бұл аурудың арнайы ем-домы жоқ деп қысқа қайырды депутат сауалына министр.
Кез-келген емханаға кірсеңіз, дәрігер аяғыңызға бахила киюге міндеттейді. Міне, мынадай арнайы жәшікке 20 теңге саласыз, міне, бахила қолыңызда. Бірақ, бахила кию міндетті емес, себебі, заңда арнайы көрсетілмеген. Сонда бұл кімге керек?
Розақұл Халмұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бас дәрігерлер мұны сонда табыс көзіне айналдырған ба? Неге біз осыған шектеу қоймаймыз?
Біз шектеу қойғанша, бахила сатылатын қобдиша біреудің қалтасын қампайтып жатқаны рас. Енді санай беріңіз, емханаға күнінен кем дегенде 300 адам келіп-кетті десек - 5 мың теңге. Яғни, бұл біреулер үшін «батпан құйрық - ай далада жатқан құйрық» болып тұр.
Гүлжан МАРҚАБАЙ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.




Көшіру | pdf
