Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы 23 миллиард доллардан асты. Бұрын-соңды болмаған мұндай көрсеткішке, әлбетте, Кедендік Одақтың арқасында қол жетті. Негізі, Ресей біздің ел үшін сауда-саттыққа барынша қолайлы ел. Өйткені, көршілес жатқан 143 миллиондық үлкен нарық. Әрі бірыңғай экономикалық кеңістікке енгелі бері, екіжақты тауар тасымалдау барынша жеңілдетілді. Бірақ қазақ іскерлері Ресей нарығына дендеп енетін мол мүмкіндікті қазір толық пайдаланып отырған жоқ.
Қазақ кәсіпкері үшін Кедендік Одақ кең нарыққа жол ашты. Бұрығыдай емес, түрлі тексерістер тыйылып, кедендегі кедергілер кеміген соң, қазір қос елдің саудасы қыза бастады. Бірақ Ресей нарығына тауарымды өткізем дейтін отандық компаниялар үшін әлі де түйткілді мәселелер бар.
Асқар Батырханов, кәсіпкер:
Сертификация жөнінен де көп сұрақтар туындайды. Біздің Қазақстанның сертификаттары бұл елге сәйкес келе ме, келмей ме. Біз өзіміздің Үкіметіміздің үкімдерін, стандарттарын көрсетеміз. Осы сертификаттар бойынша жолдай аламыз. Ал олар өз Үкіметім бар, солармен ақылдасайын, бола ма, болмай ма деген секілді сұрақтар туындайды.
Бір сөзбен айтқанда, қағазбастылықтан құтылу керек. Бұл кәсіпкердің пікірі. Ал Ресейдегі біздің сауда өкілдігінің мамандары басты проблема қазақ бизнесмендерінің баға саясатына байланысты дейді.
Наталья Годунова, ҚР Ресейдегі Сауда өкілінің міндетін атқарушы:
Меніңше, қиындықтардың басым көпшілігі қазақстандық компаниялардың баға саясатына қатысты. Олар өздерінің бір бағасын белгілейді де, одан ары төмендетпейді. Алайда, жаңа нарыққа ену үшін бастапқы кезде бағаны сол нарыққа сәйкестендіріп, өзгерту керек. Қалай дегемен Ресей кейбір компаниялар үшін жаңа нарық. Біз осыны отандық компанияларға түсіндіруге тырысып жатырмыз.
Сарапшылардың пікірінше, қазақтың тауары Ресей нарығындағы бәсекеге төтеп береді. Алайда кейбір кәсіпорындардың өнімі сапалы болғанымен, саны аз. Сондықтан, кішігірім компаниялар ұзақ мерзімді келісімшартқа қол жеткізе алмайды. Осындай жекелеген қиындықтарға қарамастан, қазір екі елдің алыс-берісі артып тұр. Алайда, айтпағымыз, бұл көрсеткішті әлі де еселеуге болады. Себебі, 143 миллион халқы бар Ресей Қазақстан үшін іргеде тұрған ірі нарық.
Нұржан СОЛТАНҰЛЫ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.






Көшіру | pdf
