01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Астанада шыны үстіне келістіріп құммен сурет салатын бүлдіршіндер бар. Бұл өнер түрі еліміздің Алматы, Астана, Павлодар, Өскемен секілді қалаларында құлаш жайып келеді. Сурет салу өнерін үйренем деушілерге арнайы студиялар жұмыс жасап тұр. Құммен сурет салу өнері өткен ғасырдың 70 жылдары батыста етек жайып, біздің Қазақстанға 2009-2010 жылдары келді.
 
Алғашында құммен сурет салу мультфильм, анимациялық фильмдер шығару үшін пайдаланылды. Қазір бұл нағыз өнердің өзіне айналған сыңайлы. Шыны бетіне құмның көмегімен көрініс тапқан суреттерді болмашы қимыл әп-сәтте бұзып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, фотосуретке түсіріп алудан артығы жоқ. Саусақтың сиқырымен салынатын мұндай әдемілік пен нәзіктікке толы өнерден кез-келген жанның әсерсіз қалмасы рас. Құммен сурет салу - өте қызықты, сонымен қатар, пайдалы өнер.
 
Мәдина Сабырғалиева, психолог:
Құмдық терапия - ол адамның ойлау қабілетін дамытады. Зейінін арттырады. Сонымен қатар, адамның жүйке жүйесін тыныштандыруға пайдасы өте көп.
 
Бұл өнер жас талғамайды. Орталыққа келетін ең балғын оқушы небәрі бір жарым жаста. Қиялындағысының қиюын әзірге келтіре қоймаса да, шыны бетіне қалаған мүсінді түсіруге болатынын түсінеді. «Осындай тамаша әдіс арқылы балалардың шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік мол» дейді ұстаздар. Бұдан өзге сәбидің есте сақтау қабілеті артып, ой жиегі дамиды. Саусақтарының епті болуына да әсері мол мұның.
 
Мәдина Сабырғалиева, психолог:
Түйіршіктермен ойнаған кезде баланың моторикасы дамиды. Іс-қимылындағы координациясы жақсарады.
 
Жанар Әнуарбекова, құммен көркемдеу студиясының педагогы:
Балаларға сол ішкі жан дүниесін толығымен ашуға мүмкіндік береді.
 
Әйнек бетіне сурет салуда құмнан өзге жарма, кофе, тұз, басқа да ұсақ заттарды қолдануға әбден болады. Саусақпен өріліп, әйнек бетіне құмның көмегімен бейнеленген бұл туындылар тылсым өнердің құдіреттілігін танытпай қоймайды. Бейнелеуді киелі өнерге балайтыны сондықтан. Жүрекпен сезінетін өнердің тұнығына бойлау үшін жүректің қалауы қажет ең алдымен, мұнан соң мол ынтаны талап қылады.
 
Айгүл Қосалиева, бейнелеу өнері мұғалімі:
Сурет салуды үйренудің сыры, ең бірінші, еңбектенуде деп ойлаймын. Еңбектену, қолды жаттықтыру арқылы, күнделікті жұмыс істеу арқылы өзіңмен сонда ғана үлкен жетістіктерге жетуге болады.
 
 Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.