01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Қарағанды облысы, Нұра ауданында әмбебап балабақша мен  тарихи - өлкетану мұражайы ашылды. Мұражайды салуға «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс бюджетінен 100 млн. теңге жұмсалса, балабақша «Балапан» бағдарламасының арқасында салынды.
 
Киевка кентінде Кеңес одағы тұсында 4  балабақша болған. Алайда, 90-шы жылдардың ортасында мектепке дейінгі ол мекемелердің барлығы түгел жабылып қалды. Ал, мына 95 орындық «Балбөбек» - содан кейінгі соңғы 20 жылда осы ауданда ашылған алғашқы балабақша. Керек- жарағы бәрі қарастырылған. Мамандардың айтуынша, халықаралық талапқа толықтай сай келеді. Жылыту жүйесінінің қазандығы дербес. Ол пайдаланатын қатты отын жеткілікті. Бүгіннің өзінде мектепке дейінгі мекемеге 40 - тан астам жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты.
 
Күлкен Жүнісова, батыр ана:
Баламызды тәрбиелейтін жер таба алмай, баламызды үйге қамап кетіп жұмыс істейтінбіз. Қазір міне рахмет балаларға, орын сайлап,   мынадай үй тұрғызып, бала тәрбиелеп жатқан. Келешектегі балалар қаһарман балалар болып өссін.
 
Нұра ауданы бойынша 112 тарихи-археологиялық ескерткіш мемлекет қарауына алынған. Сондықтан тарихи-өлкетану мұражай салу көптен бері  ойдағы шаруа болатын. Міне, енді ол да орындалды. Аумағы 780 шаршы метр болатын ғимарат қазірдің өзінде 2 мыңға жуық құнды жәдігермен толықты. 4 залдың бірі тәуелсіз елімізде 20 жылда атқарылған айшықты істерге арналған. Орталық Қазақстандағы бұл орынның тарих шыңырауынан сыр тартатыны даусыз.   
 
Оралбай Әбдікәрімов, сенатор, «Нұр Отан» ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық қозғалыс төрағасы:
Осы музей елдің басын біріктіруге, жастарды тәрбиелеуге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, Отан сүйер сезім қалыптастыруға себебі тиер деп ойлаймын.
 
Фариза Оңғарсынова, ақын:
Мұражай деген-ұлттың өмірі. Осында кіріп-ақ, ана ауылды, мына ауылды араламай-ақ, осы Нұрада кімдер өсті, не болды, бұл жерде табиғаты қандай, тарихы қандай - осының бәрін көруге болады.
 
Аудан басшыларының айтуынша, жыл соңына дейін осындай бағытта бірнеше құрылыс қолға алынады. Өйткені әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру биылғы жылдың басымдығына айналып отыр.  
 
Нұрлан АМАНҰЛЫ
 
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.