01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

 

 

Елбасы биылғы Жолдауда жүктеген он міндеттің үшіншісі өңірлердің болашағы. Бұл бағытта атқарылар іргелі жұмыстың бірі – бір салалы шағын қалаларды дамыту. Президент 1 шілдеге дейін Үкіметке арнайы бағдарлама жасауды тапсырды. Негізі, мұндай бағдарлама бұрын да қабылданған болатын. Екінші шақырылым депутаттары Мәжілісте мәселе көтеріп, соның нәтижесінде Үкімет 2004-2006 жылдарға арналған шағын қалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асырды. Тап осы жобаның тұрмысы шатқаяқтаған біраз шаһардың тіршілігі түзелді. Қазір елімізде 87 шағын қала бар. 90 жылдардағы тоқырауда бұлардың көбісі күйей жаздады. Өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздық жайлады. Халық бас ауған жаққа көшіп, қала қаңырап бос қалды. Мысалы, 1989-1999 жылдар аралығында Курчатов, Жаңатас қаласының – 43 пайызы, Қаратаудың – 35, Қарқаралы қаласының – 33, Арқалық халқының - 27 пайызы басқа жаққа қоныс аударған. Шағын шаһарлардың басым бөлігі кезінде ірі-ірі өндіріс орындардың жанына салынғандықтан олардың тіршілігі тек бір-екі кәсіпорынға тәуелді. Сондықтан, бұл өңірлерде экономиканы әртараптандыру керек. Шағын және орта бизнесті дамытқан абзал. Екінші мәрте қабылданатын шағын қалаларды дамыту бағдарламасының басты діңгегі осы болмақ. Шығыс Қазақстан облысындағы шағын шаһардың бірі – Риддер. Тау-кен өнеркәсібінен ырзығын айырған басқа бағытқа сүрлеу салатын ыңғайы бар ма?
 
Риддер қаласы таулардың ортасында орналасқан және қалың орманмен қоршалған. Мамандардың айтуынша, бұл осы өңірді туризм және ағаш өңдеу өнеркәсібі арқылы өркендетуге өте қолайлы. Тек бұл бағыттарды дамыту керек.
Риддер – өндірісті өңір. Халықтың басым бөлігі тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейді. Мұндағы кен орындарында Менделеев кестесіндегі элементтердің 70 пайызы бар. Шалғайдағы шаһарды Өскеменнен кейінгі екінші металургия ошағы деп те атайды. Бірақ мұнда басқа салаларды дамытуға мүмкіндік мол. Олардың ең негізгілері:
Туризм, шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл және көкөніс шаруашылығы, орман шаруашылығы.
 
Бұл салалардың бастапқы үшеуін дамыту керек болса, орман шаруашылығы уақыт талабына сай жаңа технологиямен жабдықтауды күтеді. Кеңес үкіметі кезінде бұл жерде жылына 400 мың текше метр ағаш дайындалған. Ал бүгінде бұл көрсеткіш небәрі 50 мыңды ғана құрайды. Мамандардың мәлімдеуінше, Риддер маңындағы орман қоры тек 1 қаланың ғана емес, бүкіл облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға жеткілікті.
 
Сергей Дерягин, «Риддер орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің директоры:
Бүгінде осы өңірден табиғатқа еш зиян тигізбей-ақ, жылына 200 мың текше метр ағаш дайындауға болады. Бірақ ондай қарқынмен жұмыс істеу қазір мүмкін емес, әрине. Себебі, техникалық база ескірген, экспортқа жол жабық, мараторий деген тағы бар.
 
Риддердің ну орманы мен биік таулары мұнда туризмды дамытуға сұранып тұр. Бұл бизнес жолға қойылса, табысы мұнай өндіріп, металл сатқаннан кем болмайды. Бұл салада алғашқы қадам жасалды. Алайда, саяхатшыларға қызмет көрсету сапасы талапқа шендеспейді.
 
Елена Соколова, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
Бізге облыс орталығынан, Қазақстанның басқа да аймақтарынан, сондай-ақ, шет елдерден көп қонақ келеді. Барлығының мақсаты бір – ол адам қолы тимеген табиғат аясында демалу. Оларды қарсы алу үшін, әрине, алғашқы қадамдар жасалған. Бірнеше туристік базаларымыз бар, бірақ олар жекеменшік қолда. Сондықтан, менің ойымша, бұл орайда мұнда туризм саласын қажетті деңгейде дамытып, қолдау көрсету үшін арнайы бағытталған мемлекеттік бағдарлама керек.
 
Риддерде нәсібін кәсіпкерліктен көріп отырғандар көп. Қала бюджетіне қаржының 30 пайызы салық есібінен шағын және орта кәсіпкерліктен түседі. Ет және сүт өңдейтін, шұжық өнімдерін шығаратын бірнеше кәсіпорын бар. Сергей Антропов кондитерлік салада жұмыс істейді. Оның кәсіпорны жылы-жұмсақ, тәтті тағамның 100-ден астам түрін шығарады. Алдағы уақытта мемлекет қолдауымен жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап жүр.
 
Сергей Антропов, кәсіпкер:
Бұл жобамыз іске асса қосымша 15-20 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Ең бастысы, біз бәсекеге қабілетті өнім шығарамыз. Қазір басқа мемлекеттерден әр түрлі қоспалары бар тәтті бұйымдар әкеліп жатыр. Ал біз тек табиғи, таза шикізатты пайдаланамыз. Осындай жобамен шағын қаладан облыстық деңгейге шығып жатсақ, бұл әрине қаламыз үшін де өте маңызды.
  
Риддер өңірі ауыл шаруашылығына да қолайлы өлке. Бірақ төрт түлікті өсіріп жатқан шаруа қатары санаулы. Ресми түрде Риддерде 115 шаруа қожалығы тіркелгенімен, шынайы келгенде олардың екеуі ғана қожалық деп атауға лайық. Соның біреуі Сергей Дудкиннің шаруашылығы. Оның қожалығында 500-ге жуық  ірі-қара және 50 жылқы бар. Былтыр өткізген еті мен сүтіне мемлекеттен 11 млн. теңге субсидия алды.
 
Сергей Дудкин, шаруашылық басшысы:
Бізде жайылым да, шөп шабатын жер де жеткілікті. Кеңес үкіметі кезінде осы өңірде тек ірі-қарадан 6-7 мың бас болған. Ал қазір бәрін қосқанда 1 мыңға жуық. Халық мал баққаннан гөрі, металург болғанды қалайды. Тұрақты түрде жалақысын алып, тып-тыныш жатып үйреніп алған. Төрт түлікті өсіремін деген адамға қазір мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Неге айналыспаққа?
 
Былтыр Шығыста Өскемен-Риддер –Ресей Федерациясы тас жолы салынды. Риддерден ары 62 шақырым жол құрылысы толығымен аяқталды. Іргелес көрші шекарадан ары Шу трассасына дейін 25 шақырым жолды жалғауға кірісті. Аталмыш күре жол тоғыз жолдың торабына айналғанда Риддердің әлеуеті әлдене түседі.
 
Елена Соколова, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
Бүгінге дейін тұйыққа тіреліп тұрған Риддер транзиттік қалаға айналады. Ал оның, әрине, жақсы жақтары жетерлік. Сол жолдың бойында түрлі дәмханалар, қонақүйлер бой көтеріп, басқа да қызмет көрсету орындары ашылады.
Риддердің дамуына сүбелі үлес қоса алатын тағы бір сала – ол спорт. Шағын шаһар Шығыстың қысқы спорт түрлерінің отаны деп те аталады. Облыстың намысын қорғап, әлемдік жарыстырда топ жарып жүрген жастардың дені Риддерден шыққан. Бұл бағытта да бастама бар. Таяуда қала маңында сноуборд саябағы ашылды.
 
Евгений Козьмин, Риддер қаласының тұрғыны:
Бірінші кезекте, спорттың осы түрін үйрететін кәсіби мамандар аз. Арнайы жаттықтурушылар келіп, мына жас балалармен жұмыс істесе жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның қоржынына талай алтын түсетіні сөзсіз. Осы өңірдің табиғаты, географиялық орналасуы, мына таулары бұл спортқа өте қолайлы, ендігі кезекте мемлекет қолдауымен бұл саланы дамыту керек.
 
Шығыста шағын қалалар қатарына Риддерден басқа тағы 3 қала кіреді. Ол Зыряновск, Серебрянск және Курчатов. Болашақта бұл тізімге Аягөз, Шар және Шемонайха ілігуі мүмкін.Сондай-ақ, шағын қаланың мәртебесін Жезкент, Белоусовка және Глубокое кенттеріне де берілуі ықтимал. Облыстың осы жөніндегі ұсынысы қазір Үкіметтің қарауына ұсынылған.
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.