01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

«Адамнан қулық артылған ба? Бүгінгідей ғылым- техиника дамыған заманда қулық-сұмдық, елді алдап-арбаудың сан түрі шыға бастады. Ақпараттық технологиялардың тың өрісін өз мүддесіне пайдаланған алаяқтар телефон, ғаламтор арқылы аңқау жұртты арандатып, ақша тауып жүр. Бірі – телеэкран арқылы сөзжұмбақ жасырып, көрермен шақырса, ал екіншісі – ұялы телефонға смс хабарлама жіберіп, оңай олжамен жарылқап тастаймын деп жарнамалайды. Қоңырау шалып, қорқытып, үркітіп, бопсалап ақша талап етушілер де Ішкі істер қызметкерлерін де әбден мезі еткен тірлік. Қулығы құрық бойламайтын виртуалды алаяқтарды құрықтау қиын шаруа. Сондықтан, олардың соны да, салған лаңы да өсіп барады.
 
Телефонға құлақ асып отырып, қомақты қаржыдан қағылғандардың қатары молайып келеді. Тіпті, ақшасынан айырылып, қарызға батып, өз өміріне қол салған оқиғалар болған. Қоғамдағы келеңсіз тірлікті тоқтатуға кіріскен Ішкі істер органдарына Көлік және коммуникация министрлігі өз тарапынан жәрдем көрсетпек. Жақында ғана байланыс қызметін бақылауды міндетіне алған мекеме байланыс операторларына қатысты жаңа ереже енгізді. Бұдан былай абонент қаптаған латорея, смс дауыс беру, телевикторинаға қатысатын болса, байланыс операторы мұндай қызметтің ақылы екенін, әрі нақты құнын қаперге салуы тиіс. Телефон арқылы табыс табушыларға тегеурінді тойтарыс дейді мамандар. 
 
Туылғанда бір бала, қартайғанда бір бала» деген рас. Аңғалдығы басым албырт бала мен қарттықтан қалжыраған қария. Алаяқтың арбауына көп түсетін де осылар. Зинаида әжей бармағын тістеп үш ай жүр. Таңсәрідегі апақ-сапақта «Балаңыз есірткімен ұсталды», – деп әлдебіреу телефон шалады. Салдары – қылмыстық жауапкершілік. Іс насырға шаппай тұрғанда, 250 мың теңге қажет. Психологиялық шабуыл.   
 
Зинаида Еньшина, алаяқтық құрбаны:
Балам алдыңғы күні жұмысқа кеткен. Ұйқылы-ояу кезде телефон соққанда, есім шыға жаздады. Балама телефон соғу да ойға келмепті. Бар ойым, 250 мың теңгені алып, қалай болғанда да қылмыстық жазадан құтылу еді. Алданғанымды кейін білдім.
 
Зинаида әжейдің ұрынғаны телефонды алаяқтықтың бір түрі ғана. Одан өзге, «балаңыз апатқа ұшырады» немесе «ұрлап кеттік» деп телефон тұтқасынан жанұшыра дауыс салатындар жетерлік. Ел полициясына опық жеп шағым түсіргендер жүздеп саналады. Көбіне сим-кардты бір рет қана пайдаланатындықтан қылмыскерді құрықтау да қиямет. Телефонды теперішті темір тордың ар жағында отырып та көрсететіндер де жоқ емес. Полицияның пайымы.  
 
Гүлнәр Сайлауқызы, криминалдық полиция комитетінің жедел уәкілі:
Түрмеде отырған адам, еркіндікте жүргендерді пайдаланып, солар арқылы азаматтардың үйіне телефон шалып, «балаңыз түрмеде отыр, алы шығу үшін осындай ақша жіберіңіз, осындай есепшотқа ақша аударыңыз немесе осындай жерге әкеліп беріңіз, қазір осындай адам барып алып кетеді» деген.
 
Халықты мезі еткен телефонды алаяқтықтың түрі көп. Кең тарағаны ойындар, викториналар, сан алуан шым-шытырық байқаулар. Тіпті, қымбат байланыспен виртуалды махаббат құратындар да аз емес. Біреуіне  телефон шаласыз, екіншісіне смс жібересіз. Тек, есеп айырысар сәт келгенде сан соғып қалғандардың қарасы көп.
 
Көлік және коммуникация министрінің блогына телефонды алаяқтыққа байланысты жүздеген шағым келіп түскен. Алаяқтарға жем болғанын айтып, шағымданушыларда қисап жоқ. Соны ескеріп, құзырлы министрлік байланыс операторларына жаңа ереже енгізді. Бұдан былай оператор байланыстың ақылы екенін, әрі нақты құнын телефон шалушының қаперіне салып отыруы тиіс.                                                 
 
Айнұр Кенжебайқызы, ҚР көлік коммуникация министрлігі, байланыс саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің сарапшысы:
Егер, абонент телефон сөйлесуін жүргізіп жатса немесе интернет желісінде қатаң қызметтерді пайдаланып жатса, яғни ол кезде жеке шотындағы ақшасы аяқталу сәтінде болса, онда байланыс операторы үзілісті үзеді. Егер де байланыс операторы үзілісті үзбесе, онда абонентке қойылған қарызды абонент төлемеуге толық құқығы бар. 
 
Байланыс операторлары алаяқтарға тосқауыл болар министрліктің бұл шарасын қолдап, құптайды. Алайда, адамнан айла артылған ба? Телефондағы алдау саябырсығанмен, қулығына құрық бойламайтындар енді ғаламторға көшіпті.
        
Анар Жұмағұлова, байланыс операторы компаниясының қызметкері:  
Осындай алаяқтықтың шегі 2008-2010 жылдары көп болды. Қазір қатары сиреді. Қазір интернет технологиямен байланысты әрекеттер көбейді.
 
Жаһандық желі жұмыр бастыны жалған жарнамамен жарылқағысы келеді. Мұнда да көз алдау, жан арбаудың неше мың атасы бар. Біреу тегін бірлік таратамыз деп алдарқатады. Ал енді бірін өз басымнан өткердім. Электронды поштама әлдебір Того мемлекетінен, Коко Сенах есімді кісіден күмәнді хат келді. Ағылшын тілінде.
                 
Қымбатты достым!
Есімім Коку Сенах! Того еліненмін. Заңгермін. Менің клиентім көлік апатында қайтыс болды. Ол кісі сізді мұрагері ретінде  көрсеткен екен. Маған сіздің банктегі есеп-шотыңызға 4,5 миллион доллар аударуға көмектесіңіз. Құжаттарды ресімдеу – 1000 доллар.  
Ізгі ниетпен: Коку Сенах
 
Зерлі көзбен қарамасақ та, жалғандығы көзге ұрып тұрған хаттың жетегінде кетіп қалғандар жетерлік елімізде. Алайда, айдаладағы Африкада туыс-тамырың бар деп, сазға отырғызғандарды құрықтау қиын түгіл, тіпті, кейде мүмкін де емес.
 
Гүлнәр Сайлауқызы, криминалдық полиция комитетінің жедел уәкілі:
Оның қай жақтан жібергенін, иесі кім екенін анықтау үшін арнайы тексерістер қажет. Бұл оған біраз уақытта талап етеді.
 
Жаһандық желідегі көпе-көрнеу алаяқтықтың сұрқия түрі мынау. «Фамилиялар дерекқоры» аталған сайтта тегінен адасып қалған бейбақ жандарға көмек көрсетіледі-мыс. Ата-бабаларыңыз кім болған? Бабаларыңыз ақсүйек пе, немесе қарадан шыққан шаруа ма? Торкөзді толтырсаңыз болғаны жарнамаға сенсек, құпия құжаттарды, оның ішінде атышулы КГБ-ның мұрағаттарынан сіздің бабаларыңыз туралы барлық мағлұматты жайып салады. Тек, қызмет ақылы әрине.
 
Әуесбайдың Қанаты, журналист: 
«Өз тегіңді біл» аталған сайттың алаяқтық екенін әшкерелеу қиын емес. Фамилияны жазыңыз деген торкөзге «Қазақстан» ұлттық арнасы деп жазып көріп едік, міне, сайт нәтижесінде мынадай күлкілі, қияли ақпарат берді. «Қазақстан» телеарнасының 658 туыстық байланысы бар екен. 68 тікелей туысқаны бар екен. 16 марапаты мен медалі бар екен. Ал ұлттық арнаның арғы аталары дворяндар болған екен.                 
 
ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.